Жаңалықтар

Балаңызды қай мектепке бердіңіз?

  • Ойтүрткі

 

 

 

Индира ӨТЕМІС,
«Ақтөбе»

 

Автобуста терезеге қарап келе жатқам. Бір аялдамада алдымдағы бос орынға атасы мен 4-5 жастағы немересі келіп отырды. Оларға мән бере қоймаған едім. Соның арасынша атасы немересін желкесінен қойып қалғандай көрінді. Шошығаннан: «Не болып қалды?» — деп қаттырақ дауыстап жіберіппін. Екеуі де маған бұрылды. Бала бір сәт күлімсіреді де, атасының қолындағы смартфонды алып, өзімен-өзі болып кетті. Сірә, атасы мен ойлағандай қойып қалмай, жай ғана нұқыған болса керек. Ал атасы шағым айта бастады: «Орысша сөйлейді, адамды позор қылып! — деді. — Үйде тілі қазақша шыққан бала ғой. Не болғанын білмеймін? Келін балабақшаға өзі апарып-әкеледі. «Қазақша балабақшаға беріп пе едің?» — деп сұраймыз, әжесі екеуміз. «Өздеріңіз айтқан соң, қазақшаға бердім ғой» — деп, шыр-пыр болады. Білмеймін?! Тілі тым жақсы қазақша шыққан бала еді, міне, орысша сайрайды. Тіпті жұрттан ұяламыз». Осыны күйіне айтып, баланы басынан тағы бір нұқып қойды. «Жұрттың бәрі мына қолындағы телефоннан көреді», — деді сосын күрсіне сөзін жалғап. «Нұқымай, ұрыспай, жай ғана қызығатын нәрселерін айтып, құлағына қазақшаны құя беру керек шығар?» — дедім… Ол кісі сенімсіз ғана иығын қозғады.

Қазір осы хал көп адамның басында бар. 2010-жылдардың ортасынан, ұялы байланыс дамып, жұрт жаппай ғаламторға көшкен уақыттан бастап, тіліміздің болашағына деген жарқын үмітімізге қайтадан кірбің түсті. Шүлдірлеп жүрген бүлдіршінін қазақ мектебіне апаруға жүрексініп, қайтерге білмей дал болған ата-ана көбейді. Тіпті солтүстік жақта ашылғалы отырған жаңа мектепті «орыс тілді мектеп болсын» деп шу шығарған қаракөздерді де көрдік. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі биыл мектеп табалдырығынан алғаш аттайтын балалардың 70 пайызының қазақ мектебіне баратыны жөнінде хабар таратқанда, шыны керек, бір ерекше қуанышты жаңалық есіткендей болдық. Ал осыдан 7-8 жыл бұрын ондай ақпаратты солай болуы тиіс, үйреншікті жай сынды қабылдаушы едік қой?!

Алайда қазақ мектебінде оқығанмен, тілі орысшаға бейім балалар да бар. Мұны көп жағдайда ғаламтордан, ғаламтордағы қазақ тілді дүниеден гөрі, орыс тіліндегі қызықты жайттардың басымдығынан көреміз. Қазір балаға отбасы, ата-әже, мектептен гөрі, ғаламтор мен теледидардың ықпалы күштірек болып тұр. Ұлт тіліндегі қызықты, құнды дүниелер, ең алдымен, балаға арналуы керектігіне мән бермей келгеніміз өкінішті-ақ. (Осы жылдың басында қырғыздың бір депутаты да «Балапан» арнасын көретін балаларының қазақша тым тәуір үйреніп алғанын айтып, бұл қырғыздар арасында біраз пікірталас тудырды.)

Қайткенде де ертең кеш болмауы үшін, осы мәселеге қазір жұрт болып жұмылу керек. Халқымызда: «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген сөз бар. Басқа тілді білу қашан да артықтық етпесі түсінікті, дегенмен өз тілін білмей, өз тілін меңгермей, өз тілінің уызына жарымай, өзге тілде сөйлеуге көшкен ұрпақ ұлт үшін — ең үлкен қасірет. Әсіресе, білім беру жүйесі, енді аз күннен соң жаңа оқу жылын бастағалы отырған ұстаздар қауымы үшін бұл үлкен сын, үлкен жауапкершілік болмақ. Қазақшаға шорқақ баланы орыс мектебіне итермей, өз туған тілінің аясында, өз халқының рухани әлемінде алып қалудың қамын жасайық.

Басқа жаңалықтар

Back to top button